ШҰҒЫЛ! АЛҒАШҚЫ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ Толығырақ

ТӨЛЕБИ БАБА ТУРАЛЫ ТЫҢ ТУЫНДЫ ТҮСІРІЛУДЕ

17:12, 22 маусым 2018

«Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде ғана емес, әртүрлі мультимедиялық тәсілдермен де шыққаны абзал». Бұл – Елбасы сөзі. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтқан мақсат – міндеттерін орындауда... Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтің бастамалары ілкімді. Сөзімізге дәлел – өңірде «Төлеби» атты 10 сериялық фильмнің түсірілімі басталды. Тарихи туындының алғашқы бөлімдері Төлеби ауданындағы Қорғантау бөктерінде түсіріліп жатыр.

Тарихи танымдық туындының түсірілім барысын аймақ басшысы Төлеби ауданына жасаған сапары кезінде бағамдады. Жобаның жалпы құны - 150 млн. теңге. Көркем туындыны көрермен сүйініп көруі үшін «Сақ» киностудиясының ұжымы барын салуда. Өйткені, бұл фильм өзге кинолардан ерек. Тарихи мән-маңызға ие. Түсірілім барысында әкім назарына әртістер кино эпизодтарынан үзінділер көрсетті.

 

Фильмнің алғашқы серияларын Қорғантау жотасының етегінде түсіру де тектен-тек емес. Үш жүздің төресі болған - Төле баба нақ осы таудың етегінде өмірінің біраз бөлігін өткізген деседі. Тарихи туынды белгілі жазушы, журналист Шойбек Орынбай мен Мархаббат Байғұттың «Төлеби» атты жеті томдық еңбегіне негізделген.

 

Төле баба туралы аңыз-әңгімелердің тамыры тереңде жатыр. Өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен ол жастайынан әділдігі мен шешендігі арқылы көпке танылды. Қазақтың бірлікте, келісімде және ынтымақтастықта өмір сүруін ойлап, қам жеген қоғам қайраткерінің болмысы бұл фильмде жан-жақты бейнеленбек. Басты рөлді Абзал атты бозбала сомдайды. Ол - М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 3 курс студенті.  Жалпы, отандық кино өніміне жергілікті 500 – ден астам әртіс тартылған.

 

Көркем туындының соңғы сериялары үш жүздің басы қосылған қасиетті Ордабасы тауында түсірілмек. Көпсериялы тарихи фильм жыл соңына таман көрерменге жол тартпақ. Айта кетейік, өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлының бастамасымен мәдени-рухани қоржынымыздың бүйірі тола түсуде.  Өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық, туған жерге деген адалдық сынды қасиеттерді дарытып, төл тарихты бойларына сіңдіруге сеп болатын дүниелер көп. Бұған дейін «Күш атасы - Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт», «Отырарды қорғау» сынды мультфильмдері мен 10 сериялы «Көне Жетігеннің сыры» атты фильмі түсіріліп, патша көңілді көрерменді қуантқан болатын.

 

Г. ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ                      

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ҚЫЗЫҒУШЫ ЖАСТАР КӨП
13:14, 16 тамыз 2019
ЕРЕЖЕСІЗ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ҚЫЗЫҒУШЫ ЖАСТАР КӨП
Толығырақ...