ШҰҒЫЛ! «ТОРТИЛЛА» ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЗООБАҒЫ ЖАБЫЛАДЫ Толығырақ

БАЛАҢЫЗ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫН БА?

12:35, 26 тамыз 2019

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Алда ата-ананың мойнында балаларын мектепке қажетті құралдармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Ал, базар мен киім сататын дүкендерде сауда қызып, тауар бағасы көтерілген. Облысымызда әр отбасында 3-4 бала барын ескерсек, бір оқушыға қанша қаражат жұмсалады? «Мектепке жол» акциясы аясында қандай отбасыға көмек көрсетіліп жатыр?

Қаладағы  «Қуаныш» базарында  адам қарасы қалың. Себебі, оқу жылы жақындаған сайын мектеп формасы мен құрал-жабдықтардың бағасы қымбаттай түсуде.  Үлкен сауда орындарын қойып, жабайы базарларды жағалаған қара халық ертерек қамданыпты.

Бақыт Жақсылықов - Түркістан қаласының тұрғыны

Шымкентпен салыстырғанда Түркістан арзан екен. Кеше Шымкентке бардық. Ол жақта қайда қымбат екен.

Сонымен, базар нарығындағы оқушыға қажетті 12 парақтық дәптер бағасы 17 теңгеден 30 теңгеге дейін тұрады.  Қалың дәптерлер 100 теңге мен  500 теңге аралықта. Оған күнделік, түрлі-түсті қалам, қарындаш, ермексаз сынды қажетті  заттарды қосыңыз.  Ал, сөмкенің ең арзаны 2500-ден басталып, ірі сауда орталықтарында 20  мыңнан жоғары.

Төрехан Аллабергенов - Түркістан қаласының тұрғыны

50-60 мың теңге кетеді ғйо. Костюм шалбары бар, дәптер, ручкасы бар. Қалта көтермейді енді бірақ, бір айлықпен істеймін. Отбасымда бір өзім жұмыс істеймін. Құдайға шүкір бәрін жеткізіп жатырмын.

Рамазан Тасбек - оқушы

Енді киінем. Қазір костюм-шалбар, спортивка, туфли, аяқ-киім, сумка аламын.. Сол 30-40 мыңға киінетін шығармын.

Жәудір - 4 баланың анасы. Отбасында отағасы екеуі де жұмыссыз. 2 қызы мектепке барады.  Балаларының қатарынан қалмай жарқырап баруын қалаған ата-ана амалсыздан пайызбен қарызға ақша алып, киіндіріпті.

Жәудір Егембердиева - Түркістан қаласының тұрғыны

Жалпы екі бөліп, үш бөліп киіндірдік қой. Қарыз алдық. Процент алдық. Сөйтіп киіндірдік. Қазір айлықтың да кезі емес. Екеуіне 50 мыңдай кетті. Екеуі мектепке баратын. Базар қымбат қазір. Ұшып тұр базар. Әншейін бір  кофтасының өзін 5 мыңға алдық. Арзан кофта алайын десек, синтетика терлейді. Былтырғы бағадағы сумканы биыл ала алмайсыз. Ал  жай  дәптерлер 22-теңгеден басталады.

Облыс орталығында қалалық білім бөліме қарасты 35 мектеп бар. Оның ішінде 2-еуі жекеменшік.  Биыл 1 сыныпқа 5 мыңға жуық оқушы қабылданады деп күтілуде. Тамыз айынан басталған «мектепке жол» акциясы бірқатар тұрмысы төмен,  көпбалалы жанұяларға үлкен қолдау болып отыр. Акция негізінде оқушыладың  киіміне деп мемлекеттен 17 млн., ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 156 млн. теңге қаржы бөлінген.

Ақмарал Батырбекова – Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы

Осы мектепке киім қажеттілігі бойынша  қала әкіміне 128 ата-ана өтініш білдірген. Біз кірген ата-аналардың барлық өтініштерін қамтыдық. Мектеп формасын аяқ-киім, күздік, қыстық, сыртқы киімдерінің бәрін қамтып отырмыз. Былтырғы жылмен салыстырғанда былтыр 400 аз қамтамасыз етілген отбасыларға көмек қолын созсақ, биыл 800 бала екі есеге көбейді.

Бұдан тыс қалада демеушілік көрсетіп жатқан кәсіпкерлер де бар. Ата-аналардың сұранысымен мектепке қажеттінің бәрін жеткізіп беруді қолға алған. Биыл рухани шаһардағы  білім ұяларында  оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтамасыз етілетін болады.  

М.ӘСЕМБЕК   

Тақырып бойынша материалдар

МЕКТЕПТЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ НЫҒАЙТЫЛАДЫ
17:09, 27 тамыз 2019
МЕКТЕПТЕРДІҢ МАТЕРИАЛДЫҚ БАЗАСЫ НЫҒАЙТЫЛАДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар