Ордабасылық 10 оқушы білім грантына ие болды

Оқығысы келетін, бірақ мүмкіндігі жоқ, таланты бар, жігерлі жастарды қолдау - ел қамын ойлайтын азаматтардың ар алдындағы парызы. Оның үстіне, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына қолдау жасау - қашанда сауапты іс. Осындай қағидаларды негізге алған Шымкенттегі «Болашақ» колледжінің басшылығы Ордабасы ауданында 10 оқушыға білім грантын тапсырды.

16:12, 10 тамыз 2017   97

     «Болашақ» білім орталығының басшысы Саттар Қуашбай –экономика ғылымдарының докторы, облыстық мәслихаттың депутаты. Бұл орталық балабақшадан бастап, университетке дейінгі білім беруді жолға қойған. Бұған дейін колледж тарапынан Төлеби ауданына 20 грант бөлініп келген. Биылдан бастап, 5 ауданға бөлуді жөн деп тапқан. Ендігіде Төлеби, Қазығұрт, Шардара, Бәйдібек және Ордабасы ауданының 50 түлегі колледжде тегін оқитын болды.

САТТАР ҚУАШБАЙ – «БОЛАШАҚ» БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

  • Мұндағы басты мақсат: шалғай ауылдағы жетім, жартылай жетім, асыраушысы жоқ, яғни, талантты, жігерлі жастар бар. Бірақ оқуға мүмкіндігі жоқ. Міне, осындай балаларды қамқорлыққа алып, оларды оқытып, өмірге қанаттандырып шығару - басты мақсат.

     Грант тек тегін оқу емес. Бұл мәртебеге ие болған талапкер айына 16 мың 700 теңге шәкіртақы алады. Жақсы оқыса, үздік шәкіртақыға тағы 5000 теңге қосылады. Одан қалса, жылына 2 рет ауылына барып-қайту қаражаты деп 9098 теңге беріледі. Жататын орын және ыстық тамақпен қамтылады. Осындай мүмкіндік жасаған ел азаматтарына талапкерлер мен ата-ана «алғыстан басқа айтарымыз жоқ,- дейді.

ӘЙГЕРІМ ОМАРХАН – ГРАНТ ИЕГЕРІ

  •  «Болашақ» мамандығым, ағылшын тілінің мұғалімі мамандығын таңдадым. Болашақта осы мамандықты дамытып, келешекте магистратураны бітірсем деген ниетім бар және де рахмет сіздерге.

НҰРСҰЛУ КЕҢГІРБАЕВА- АТА-АНА

  • Ұлым Серікбай Балғабайды осы «Болашақ» колледжіне оқуға түсіріп, осы Ордабасы ауданынан тегін жолдама алып отырмын. Менің жанұям үшін өте үлкен көмек болды. Менің ең үлкен перзентім еді. Бұлай енді ақысыз болған соң келісіп отырмын. Ақылы оқытуға менің жағдайым, мүмкіншілігім жоқ еді.

     «Болашақ» білім орталығы осылай тағы бір игі бастаманы қолға алды. Мұндай қамқорлықты өзге де білім ордалары көрсетіп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.

НҰРМАХАН Кенжехан

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07