ШҰҒЫЛ! ТҮРКІСТАНДА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР Толығырақ

"Qazaqstan" телеарнасы жаңа маусымда бұрын-соңды болмаған жобаларды ұсынады

17:46, 25 тамыз 2017

Алпыс жылға таяу тарихы бар, қазақ телевизиясының қара шаңырағы – «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жаңа маусымда өзгеше форматта хабар тарата бастайды. Еліміздегі ең ірі медиақұрылым бет-бедерінен бастап, мән-мазмұнын да толық өзгертпек. Бұл ретте бірінші кезекте ұлттық құндылықтар мен заманауи үлгіні ұштастыру көзделіп отыр. Жаңа маусымда талғамы биік көрерменнің көңілінен шығар тың жобалар жетерлік.

      Телеарнаның атауын латын қарпімен жазу – жаңа маусымдағы басты жаңалық. Енді корпорация құрамындағы «Қазақстан», «Қазспорт», «Балапан» және 14 аймақтық телеарна мен 4 радионың бет-бедері де өзгеше сипатқа ие. Оған қоса арнадағы басты бағдарламалар да көрерменге жаңаша бағытта ұсынылады.  

ДӘУРЕН АБАЕВ, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ КОММУНИКАЦИЯЛАР МИНИСТРІ

  • 2-3 жылдың ішінде біз аналогтық хабар таратудан толығымен цифрлық хабар таратуға көшуіміз керек. Отандық сериалдардың саны артады. Осыған барлық жеке меншік және мемлекеттік телеарналар ат салысады.

      Телеарнаның бүкіл бітім-болмысы мемлекет атауымен қоса, ұлттық деген сөзбен сипатталады. Бұл қастерлі ұғымдар әр адамға ыстық. Сондықтан уақыт талабына сай ұлттық рухымызды сақтай отырып, өзгерістер енгізу – қара шаңырақтың қасиетті ұстанымы.

ЕРЛАН ҚАРИН, «ҚАЗАҚСТАН» РТРК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

  • Кез келген қоғамдағы телеарна – сол қоғамның тынысы, өмірдің айнасы. Біз бүгінгі ұрпаққа қандай дүние көрсетсек, ертең сондай қоғам қалыптасады.Сондықтан телевизия жаңа қоғамдық құндылықтарды, зор талғамды қалыптастыруға қызмет етіп, интеллектуалды ұрпақтың өсуіне ықпал етуі керек.

      Бұл бағытта телеарнада жаңа маусымда бірегей жобалар  көрермен назарына ұсынылады. Олардың ішінде ғасырлар бойы жалғасып келген рухани құндылығымызды танытатын «Мен қазақпын» мегажобасы бар. Төл өнерімізді паш ететін жобада еліміздің ғана емес, Ресей, Моңғолия, Қытайда тұратын өнерлі қандастарымыз терме, күй, дәстүрлі ән бойынша бақ сынасады. Қазақстанның ең көрікті жерлерін насихаттау бағытында «Ел ішінде», «24 сағат табиғат құшағында»  бағдарламалары жарық көреді. Ал арнаның басты тірегіне айналған ақпараттық-сараптамалық, әлеуметтік, танымдық, ойын-сауық бағдарламалары өзгеше форматта шыға бастайды.

      Жаңа маусымдағы тағы бір жаңалық - корпорация құрамындағы кей аймақтық телеарналардың атауы өзгерді. Оларға тарихи атау беріліп, осылайша ұлт мүддесі ұлықталды.

БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК, ТЕЛЕЖУРНАЛИСТ

  • Мысалға, Қызылжар деген атаудың өзі сол жердегі адамдардың көзі үйренеді, үнемі естиді, құлағына сіңеді. Түптің түбінде тарихи атаулардың қайтып келуіне оң әсер етеді. Сондықтан үлкен істің бастауы.

       «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жаңа маусымдағы жаңашылдықтарын қоғам қайраткерлері де жылы қабылдады. Олардың айтуынша, бәсекеге қабілетті қоғамның басты айнасы да үнемі өзгеріп отыруы тиіс.

РАСУЛ ЖҰМАЛЫ, САЯСАТТАНУШЫ

  • Бұл ең бірінші бетке ұстар арна болғаннан кейін оған қойылатын талап та зор. Теледидар – ұлт қалыптастырушы, мемлекет қалыптастырушы, маңызды ақпараттық, идеологиялық құрал. Неғұрлым қол жетімді болса, ел мүддесі үшін жақсы дүние.

ОРАЛХАН ДӘУІТ, «ЖАС АЛАШ» ГАЗЕТІ БАС РЕДАКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

  • «Қазақстан» телеарнасы әр үйдің төрінде тұр ғой. Ел-жұрт көріп отыр. Өзіміз де көріп отырмыз. + Жаңа дүниелер жұрттың көзайымы бола берсін! 

ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ, САЯСАТТАНУШЫ

  • Өз басым осы жаңалықтарды қолдаймын және үлкен үмітпен қараймын. Бәріміз көрерменбіз,таңертеңнен кешке дейін отандық тауарды тұтынғандай отандық телеарналарды көргіміз келеді. Заманға арна лайық болу керек деп ойлаймын. 

      «Қазақстан» телеарнасы отандық кино саласын барынша қолдап келеді. Копорацияның қолдауымен 2009 жылдан бері 77 телехикая түсірілген. Енді бұл тізімді «Өмір дастан», «Екі жүз», «Туған жер», «Қозы көрпеш - Баян сұлу», «Саған сенемін» туындылары жалғайды. Жаңа маусым келер аптадан, тамыздың 28-інен басталады. Ендеше, Ұлттың басты арнасы ұсынған қызықтан құр қалмаңыз.

Тақырып бойынша материалдар

Бүтін бір отбасы газдан уланып қалды
15:12, 11 желтоқсан 2017
Бүтін бір отбасы газдан уланып қалды
Толығырақ...
2  жасар сәби ашық құбыр құдығына түсіп кетті
20:07, 2 қараша 2017
2 жасар сәби ашық құбыр құдығына түсіп кетті
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ИНКАССАТОРЛАРДЫ ӨЛТІРГЕН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
13:02, 10 маусым 2019
ИНКАССАТОРЛАРДЫ ӨЛТІРГЕН КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Толығырақ...