Жеңіл өнеркәсіптің дамуына үнді кәсіпкерлері ықпал етуде

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тоқыма өнеркәсібін дамыту бойынша құрылған қазақ-үнді жұмысшы тобының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жұмысшы топтың Шымкентте өтетін 4-ші отырысының жоспарлары талқыланды. Екі жақты экономикалық байланыстардың жай-күйі айтылды

12:57, 21 сәуір 2017   109

Өңір басшысы Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата мырзаға өңірдің экономикалық даму барысы мен  инвестициялық тартымдылығын баяндады. «Оңтүстік облыста мақта егіледі. Сондықтан, тоқыма өнеркәсібін дамытуда әлеует зор. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы да құрылған. Онда тігін цехтары мен фабрикалары бар. Ал, инвесторлар үшін қажетті жер телімі беріледі. Инфрақұрылым да қамтамасыз етіледі », - деді өңір басшысы. Үндістан тарапы бірлескен жоба аясында жұмыс істеуге жоғары қызығушылық танытты. Жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек етіп жүрген өңір кәсіпкерлерін 30 маусым күні Үндістанда өткелі отырған ірі  жермеңкеге қатысуға шақырды. Оған негіз бар. Өңірімізде жыл сайын 400 - 450 мың тонна шитті мақта жиналады. Табиғи шикізаттан жасалған өнімге сұраныс та мол. Ал, Үндістанда жеңіл өнеркәсіптің жылдық сауда айналымы 140 млрд. АҚШ долларын құрайды. Мұнда  тоқыма, мақта, мата өнімдерін өндіретін 1000-ға жуық компанияның фабрикалары жұмыс істейді. Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған бұл сапарымыз жемісті және нәтижелі болады деп сенемін»,- деді Үндістан Жеңіл өнеркәсібі министрлігінің бірлескен хатшысы Гупта Субрата.   Айта кетейік, қазақ-үнді жұмысшы тобы 2008 жылы құрылған болатын. Алдағы жылы он жылдығын атап өткелі отырған топтың оңтүстіктегі сапары 2 күнге жоспарланып отыр.

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07