Мерекелік тұсаукесер: «Жұмбақтар әлемі»

Қазақ балалар әдебиеті тағы бір туындымен толықты. Оны жерлес ақынымыз Эльмира Омарбекова жазған. Жинақ «Жұмбақтар әлемі» деп аталады. Кітапты ең алғаш болып, Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының жас оқырмандары оқыды. Алғашқы тұсауын кескен де - солар. Айтқандай, шығармашылық кеш қайырымдылық шарасына ұласты

16:50, 20 наурыз 2017   487

Ақын Эльмира Омарбекованың жаңа туындысы кішкентай оқырмандарды шапшаңдыққа, балалардың ойлау қабілетін жетілдіруге шақырады. «Өлеңдері оймақтай болса да, ормандай қалың ой салуы – ақынның ерекшелігі», - дейді кітапхана басшылығы.

Зоя Бегежанова – Ы. Алтынсарин атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры

Бұл кітапта ақын барлық жұмбақтарды жасырған. Ол шешуімен берілген. Мұнда гүлден бастап, жан-жануарға дейін жұмбақтар құрастырылған. Бұл біздің балалар кітапханасына, әрине, керек. Осы мақсатта бүгінгі іс-шара біздің балаларымызға ой-өрісін дамыту үшін керек. Осы тұсаукесерде балаларымыз ақын қызымызға өз өнерлерін көрсетті.

 «Сыр жұмбақ, жыр жұмбақ» кітабы 4 бөлімнен тұрады. Туындыны жарыққа шығару үшін ақын 3 жыл тер төккен. «Кітап жас оқырманның ойын ширатып, зеректігін арттырады», - дейді Эльмира Омарбекова.

Эльмира Омарбекова – Ақын

Бұл кітаптың жазылуына ұзақ жылдар кетті. Кішкентай кезімнен түйген ойларым, марқұм анам алдында көбірек жүргендіктен, ерекше бір әсер алып, осы жұмбақтар кітабының жарыққа шығуына себепкер болды десем болады. Болашақта балаларға арналған бір жинақ шығару жоспарда бар.

Шығармашылық кеш қайырымдылықпен ұштасты. Қазақ кілемдерінің брендін қалыптастыруда озат шыққан «Бал текстиль» фабрикасы өз тауарларын сыйға тартты. Бұл - автордың балалар әдебиетіне қосқан зор үлесін екшеу еді. Ал, жаңа кітап алып, шаттанған белсенді оқырман  оқулықпен қоса, алғыс хаттармен марапатталды.

АҚМАРАЛ Көпжасарова

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07