Жаңа гүлзар - «Қазтрансойлдан» Наурыз тарту

Шымкент – сәулетті қала. Халқы миллионды еңсерген шаһардың келбеті де көрікті болуы қажет. Осыны ескерген «ҚазтрансОйл» АҚ-ның Шығыс филиалы Шымкент мұнай құбырлары басқармасының қызметкерлері «Нұрсәт» мөлтекауданы аумағында жаңа аллеяны пайдалануға берді. Сәндік ағаштар отырғызып, көпқабатты үйлердің маңын гүлмен көмкерді. Игілікті шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды қатысып, мұнайшыларды Наурыз мейрамымен құттықтады

18:27, 18 наурыз 2017   787

Шымкентте 8 саябақ, 30 гүлзар, 1 дендросаябақ бар. Оның жалпы аумағы жасыл желекпен қосқанда 300 гектар шамасында. Мұны миллион тұрғынға шақсаңыз, адам басына бар болғаны 3-ақ шаршы метрден тиеді. Ал, санитарлық талаптар бойынша қалада әрбір адамға 16 шаршы метр жасыл желек болуы керек. Сондықтан да көпқабатты үйлердің маңын көгалдандыру  уақыт күттірмейді. Аллеялардың қатарын көбейтіп, өзге де мекемелерді игілікті іске белсене қатысуға шақырамыз, -  деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

 «Қазтрансойл» АҚ-ы қамқорлығымен жиырма жылдың ішінде бірқатар игілікті істер жүзеге асты. Алыс ауылдарға су құбыры тартылды. Шолаққорған ауылынан 280 орынды балабақша ел игілігіне берілді. Бүгінгі іс шара  да - соның бір көрінісі.

Сіріңкенің шиіндей бір-бірімен жалғасып жатқан темір құбырларды бақылайтын мұнайшылар да бүгін қолдарына күрек алып, ағаш отырғызды. Алдағы уақытта аллеяның тазалығы мен гүлдерді, көшеттерді баптауды мекеме қызметкерлері өз міндеттеріне алмақ. Жас көшеттер енді шағын саябаққа көрік беретін болады.

ГҮЛЖАУХАР Ахметқызы

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07