Екі ауылда дәрігерлік амбулатория салынды

Түлкібас ауданында кеше екі бірдей дәрігерлік амбулатория да пайдалануға берілді. Халыққа медициналық көмек көрсететін орталықтың бірі Кершетас ауылынан ашылса, екіншісі Керейіт елдімекенінде бой тіктеген. Айта кетерлігі, екі емхана да бір ауысымда 25 адамға медициналық көмек көрсетуге қауқарлы.

10:32, 11 қаңтар 2017   88

Кершетас ауылындағы Келтемашат дәрігерлік амбулаториясы алдағы уақытта 4997 азаматқа медициналық көмек көрсетеді. Мұнда 20-ға жуық ақ халатты еңбек етуде. Науқастардың ауруын анықтап, ем-дом жасау үшін барлық  жағдай жасалған.  

Бұрындары мұндағы халық бір аурудың қорытындысын алу үшін аудан орталығына сабылатын. Енді ол қиындықтар артта қалды. Аяғы ауыр аналардан бастап, қарт тұрғындар да осы жерде тексеруден өте алады. Бұл кезінде жол азабын тартқан тұрғындар үшін тиімді болып отыр.

Ал, Керейіт ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысына облыстық қазынадан 158 млн. 773 мың теңге қаржы жұмсалған. Бүгінде қаржы толығымен игеріліп, қажетті құрал-жабықтар алынды. Енді осында тіркелген 3452 адам қажетті көмекті ала алады.

Айтып өту керек, Тәуелсіздік алғалы бері Түлкібас ауданында жаңадан 24 медициналық нысан салынып, 32-сі күрделі жөндеуден өткен. Мұның барлығы - халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар.

Мақсұт Айтжанов   

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07