Наурыз қарсаңында 36 отбасы баспаналы болды

Ұлыстың ұлы күні қарсаңында Сарыағаш ауданындағы 36 отбасы жаңа пәтерге қоныстанды. Талай жылдан бері баспана кезегінде тұрған жандар мұндай қуанышқа «Нұрлы жол» бағдарламасы арқасында қол жеткізді. Ал, 2015 жылы құрылысы басталып, биыл пайдалануға берілген көпқабатты үйдің кілт тапсыру салтанатына облыс әкімі арнайы қатысты

16:42, 20 наурыз 2017   585

Су жаңа мөлтекаудандағы төрт қабатты үйден пәтер алғандардың екеуі - ұлы Отан соғысының ардагері болса, қалғандары - ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар. Барлығына пәтер жалға беріліп отыр. Енді олар тек коммуналдық шығындарды ғана төлейді.

Жансейіт Түймебаев – Облыс әкімі

Сарыағаштың халқы - 350 мың. Көп жер мәселесіне байланысты осындай үйлерде тұруға үйренуіміз керек. Бос жерлерге егін еккен дұрыс. Соны өздеріңіз қолға алсаңыздар. Сондықтан құтты болсын.

Негізінде Сарыағаш ауданында баспанаға мұқтаждықтан 270 азамат кезекте тұр. Олардың екеуі - соғыс ардагері. Кезінде жау оғына кеуде тосқан қос майдангерге де бүгін өңір басшысы пәтер кілтін табыс етті. Соның бірі - 17 жасында ұрыс алаңына аттанған Александр Денисенко. Жалындаған жастық шағын от пен оқтың арасында өткізген қарт жауынгер өзіне осындай құрмет көрсетілгеніне қуанышты.

Александр Денисенко – Соғыс ардагері

Мне ключ от квартире... мен бүгін пәтер кілтін алып отырмын. Бұған дейін қызыммен жалдамалы пәтерде тұрған едік. Енді міне, өзімізге үй беріліп отыр.  Ол үшін өте қуаныштымын. Бізге осындай көңіл бөліп отырған азаматтарға үлкен алғыс білдіремін.

Айтып өту керек, бүгін пайдалануға берілген бұл үйдің кепілдік мерзімі - 5 жыл. Осы уақыт ішінде қандай да бір олқылық орын алса, «Оңтүстік құрылыс компаниясы» серіктестігі қалпына келтіріп беруге міндетті. Ал, құрылысына 205 миллиондай қаржы жұмсалған көпқабатты тұрғын үйдің абаттандыру жұмысы 2018 жылға жоспарланған.

Рашид Қайыпжанов – Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары

Биылғы таңда 90 пайыз жұмысы бітіп отыр. Қазір жұмыстардң электр энергия, кәріз жүйелері және ауыз су барлығы бітіп отыр. тек қана абаттандыру жұмыстары 2018 жылға жоспарланған.

Ал, Сарыағаш ауданының орталығындағы жаңадан құрылған «Қашар» мөлтекауданында алдағы екі жылда 13 көпқабатты үй бой тіктейтін болады. Ол үшін қажетті инфроқұрылым жүйелері тартылған. Қазір жобалық сметалық құжаттары дайындалып жатыр.

МАҚСҰТ Жарылқасын                                             

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07