Солтүстік аймақ шақырады

Жыл басынан бері облысымызда 700-ге жуық отбасы еңбек күші тапшы солтүстік өңіріне қоныс аударуға өтініш берген. Бұл жұмыс әлі де жалғасын табуда. Осы жолы Шымкентке Павлодар облысы Екібастұз ауданының өкілдері келіп, халықпен кездесті.

14:13, 16 мамыр 2017   128

Солтүстік өңірлерде негізінен ауыл шаруашылығы саласында мамандар  тапшы. Павлодар облысы Екібастұз ауданынан келген қонақтар да ұсынылатын жұмыс орындарының көбісі осы салаға қатысты екенін айтып отыр.

Жанат Ибраев -  Бестоған ауылының әкімі (Солтүстік Қазақстан облысы)

Бестоған ауылында қазір 500-ге тарта адам тұрады. Халқы азайып барады. Бұл жерге жұмыс күштері қажет. Біздің елдімекенде екі шаруашылық егін салумен айналысады. Механизаторлар, малшылар мектепке мұғалімдер қажет. Тіпті, электрик, мал дәрігері осының бәрі зәру. Үкімет жасайтын көмектен бөлек, шаруа қожалықтары еңбек ақысын тағайындайды. Жем-шөбі беріледі. Үй-жай қарастырылады.Ол тегін болады.            

Айта кету керек, былтыр түстіктен 146 отбасы өңір басшыларының өзара келісімі бойынша солтүстіктің төрт аумағына қоныс аударған.  Басым көпшілігі ауыл шаруашылығынан жұмыс тауыпты. Мемлекет демеуімен баспаналы болған.

Нұржан Нұрашев - Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының  маманы

Екібастұз ауданы әкімінің орынбасары басқа да тиісті қызметкерлер келіп, халықпен кездесіп, қандай әлеуметтік көмектер жасалынады? Соған байланысты мәселелердің бәрін айтып жатыр. Барған азаматтар жүз пайыз жұмыспен қамтылады. Тұрғынүймен қамтамасыз етіледі. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласына шақырылып жатыр.

Теріскейде дәрігерлер де тапшы. Кәсіпкерлікке бейім азаматтар үшін тиімді ұсыныстар қарастырылған. Несие қаражатының 85 пайызын мемлекет кепілдендіреді.

Батырхан  Ынтаев  -  Шымкент қаласының тұрғыны

Бұл мемлекеттік бағдарлама халыққа үлкен мүмкіндік беріп отыр. Осыны пайдалану керек деп ойлаймын. Мен өзім Шығыс Қазақстанға қоныс аударып жатырмын. Ол жерге өзімнің мамандығым бойынша электромонтажбен айналысамын  Және мүмкіндігі болғанша халыққа қосымша қызмет жасап, табыс табу ниетім бар. Кәсіпкерлікпен айналысамын.

Еңбек түбі – береке. Қазақстанның қай қиыры болса да, атақоныс, құт мекен. Солтүстікке көшін қомдаған қауым қиындыққа төтеп беріп, ерінбей еңбек еткендер ертелі-кеш табысқа қол жеткізетініне сенеді.

СЕНБЕК Құттыбайұлы

«Қазақстан-Шымкент» телеарнасының ресми сайты

160000, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 20 үй Байланыс телефондары: 8 (7252) 53-62-07