ШҰҒЫЛ! ТҮРКІСТАНДА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР Толығырақ

СПОРТТЫҢ ТОҒЫЗ ТҮРІНЕН СПАРТАКИАДА БАСТАЛДЫ

17:14, 15 сәуір 2019

Түркістан қаласында 2019 жыл «Жастар жылы» аясында ересектер арасында спорттың 9 түрін қамтыған спартакиада басталды. Түркістан облысында алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа барлық аудандардан іріктелген спортшылар қатысып, мықтыларын анықтауда. Ал, Семей қаласында самбо күресінен ересектер, әйелдер және жауынгерлік самбодан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Жерлестеріміз 2 алтын, 1 күміс, 1 қола медальді еншілеп, жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді.

 Түркістан облысында тұңғыш рет ұйымдастырылған спартакиада спорттың 9 түрі бойынша өтуде. Атап айтатын болсақ: волейбол, кіші футбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, гір спорты, үстел теннисі, жеңіл атлетика, асық ату, шахмат спорт түрлері бойынша жеңімпазды анықтайтын болады. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі Түркістан қаласында өтті.

 Полат Қырықбаев – Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы

  • Мықты спортсмендер ауылдан шығады. Осы олимпиаданың, әлемнің, азия чемпиондарының 99 пайызы ауыл жастары. Сол ауыл жастарын табу үшін, осындай үлкен жарыстар өткізіп жатырмыз. Қазір білесіздер, ауыл жерлерінде 49 спорт мектебі бар. Сол спорт мектептері   арасында осындай спарткиада өткіземіз бөлек. Соның қорытындысы мен қыркүйек айында ауданның спортының деңгейі  қандай екенін, ауылдағы спорт мектептерінің деңгейі қандай екенін сол жерде қорытындысын шығаратын боламыз.

 

 Спартакиаданың шымылдығын алғаш болып волейбол және тоғызқұмалақ спорт түрлері ашты. Волейбол бәсекесінде қарсылас шақ келтірмеген Созақ ауданының командасы алғашқы алтындарын қоржынға салды. Ал, Бәйдібек ауданының саңлақтары екінші орынды иеленсе, үшінші орынды Жетісайлықтар олжалады. Тоғызқұмалақ сайысында Кентау қаласының тоғызқұмалақшылары бірінші орынды қанжығаларына байласа, жүлделі екінші орынды Шардара ауданының спортшылары еншіледі, Ал, жүлделі үшінші орын Төлеби ауданының командасында. Жарыс соңында жеңімпаз атанған командалар мен үздіктер арнайы жүлделермен марапатталды.

 

САМБО КҮРЕСІНЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Семей қаласында самбо күресінен өткен ел чемпионатына Түркістан облысынан ұлдар мен қыздардан құралған жалпы 28 спортшы қатысты. Тартысты өткен чемпионатқа республикамыздан 520 споршы қатысып, мықтыларын анықтады. Өңіріміздің намысын қорғаған 48 келідегі Айжан Жылқыбаева қарсылас шақ келтірмесе, 72 келідегі Перизат Жақыпбекованың да мерейі үстем болды.

 Перизат Жақыпбекова – жарыс жеңімпазы

  • Жақсы дайындықпен бардым. Барлық кездесулер бір деңгейде өтті. Бәрінде бал бермей жеңіске жеттім. . Ең қиыны сол финалдағы кездесу. Онда, былтырғы азия ойындарының жеңімпазын ұттым.

Боз кілем төрінде шеберлігімен көзге түскен Айнұр Ақжігітова күміс медальді олжаласа, Жадыра Пайыз қола медальді қанағат тұтты. Чемпионатта жалпы командалық есепте Түркістан облысы бірінші, екінші орынды Алматы облысы, үшінші орынды Алматы қаласының командасы иеленді. Жеңімпаз атанған жерлестерімізді Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев қабылдап, арнайы сый-құрмет көрсетіп, алдағы Орал қаласында өтетін спартакиадада жақсы нәтиже көрсетулеріне сенім білдірді.

Нұрсұлитан   Әбдірашит                

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ  ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
12:24, 12 сәуір 2019
ТҮРКІСТАНДА СПОРТ КЕШЕНІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Толығырақ...