
БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болу Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларына тың серпін береді.
Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясында өткен дауыс берудің нәтижесінде 138 мемлекет Қазақстанның кандидатурасын қолдады. Ал, қазақстандық өтінімнің жалғыз бәсекелесі Тайланд Корольдігі үшін 50-ден астам мемлекет дауыс берген болатын.
Бұл ең алдымен, еліміздің халықаралық саяси аренадағы имиджін арттыруға септігін тигізеді. Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бейбіт даму жолын таңдаған Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік бастамаларын әлемдік қауымдастық та мойындап келеді. Мемлекет басшысының «Әлем.ХХІ ғасыр» манифесінің БҰҰ ресми құжаты ретінде тіркелуінің өзі де бұл жеңістің жолын жақындатқаны анық.
Хасан Бациев, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы;
Біріккен Мүмкіншіліктерді іздейтін, бірлесе отырып, шешім қабылдайтын осы БҰҰ мұшесі болу – қуантатын жағдай деп ойлаймын.
Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына тұрақты емес мүше болуы - тарихи жеңіс. Еліміздің, Елбасының жеңісі. Біздің еліміз - Орталық Азиядағы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына сайланған тұңғыш мемлекет. Бұл жеңіске жету жолында қазақ елі көп еңбектенді. Жағымды жаңалықты өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыс өкілдері де қуана қабылдады.
Сәкен Мәжімбеков, саясаттанушы;
Қазақстан өздеріңіз білесіздер, әлемде ядролық қарудан саналы түрде бас тартқан тұңғыш мемлекет ретінде танымал. Қарулануға кетіп жатқан қаржыны - халықтың әл- ауқатын көтеруге, кедейшілікті жоюға қарай бұрсақ деймін.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамы соңғы рет 2014 жылдың 16 қазанында жаңартылып, 2015-2016 жылдардағы тұрақты емес мүшелері болып жаңадан 5 мемлекет: Ангола, Малайзия, Венесуэла, Жаңа Зеландия және Испания сайланған-ды. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің жалпы саны - 15. Олардың бесеуі тұрақты: АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Ал, қалған он тұрақты емес мүшесі БҰҰ Бас ассамблеясы арқылы сайланып отырады.
Гүлсанат ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ