
Ұлт жоспары 100 нақты қадамнан ғасыр таразысы, жыл сүзгісінен өткен амал-әрекеттерді де айқын көруге болады.
Мәселен, қазақ тіршілігінде даудың басын би-шешендердің түйреуі қазіргі медиация ісімен үндес... Еліміздің сот жүйесі реформаларын іске асырып, татуласу рәсімдері институтын дамыту мақсатында бүгін облыстық сотта арнайы меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес, келешекте барлық сот процесі мейлінше қысқартылып, тараптардың өзара бітімгершілігімен аяқталады.
Кешегі тарих. Қазіргі сот. Екеуара сабақтастықты жандандырған ұлт жоспары- 100 нақты қадам. Меморандум қатысушылары алдымен, арнайы экскурсия арқылы өткенге терең бойлады. Сәл кейін облыстың соттың мұражайы, кітапханасы мен сот мәжіліс залдары көрсетіліп, электронды сот ісін жүргізудің ерекшеліктері таныстырылды.
Ал, бүгінгі өзара ынтымақтастық меморандумының тиянақты орындалуына облыс билігі мен соты мүдделі болып отыр. Құжаттың құндылығын өңір басшысының өзі түсіндіріп, айтты.
Жаңа құжат жаза басып, жаңылғандардың жолын жеңілдетеді. Басты қағида – «Түрме түзеген емес». Меморандумға сәйкес, іс сотқа жеткенше жәбірленушімен келіссөздер жүргізіліп, дау-дамай медиация көмегімен шешіледі.
Медиация тәртібі ұлт жоспарының 26-шы және 33-ші қадамдарында кеңінен айтылған. Бес реформа белгілеген белес айқын. Ол – татуласу рәсімдері институтының көмегімен түрме тұрғыны аз өркениетті елдер сапына қосылу. Қазақстанды жаңа биікке көтеру.
Әйгерім ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ