
Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің күндері өтуде. Министр Тамара Дүйсенованың бастамасымен қолға алынған шарабірінші болып, Қазығұрт ауданынан басталды. Акция аясында өңір тұрғындары тамыздың 2-сіне дейін айтылған ведомства басшыларынан тікелей кеңес ала алады.
Қазығұрт ауданында болған министрлік өкілдері алдымен аудан активімен, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Әлеуметтік көмекті жаңғырту, «Өрлеу» жобасына қатысу, зейнетақы жүйесінің реформасы, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың құқығын сақтау сынды мәселелер бойынша пікір алмасты. Еңбек заңнамасындағы қазақстандықтардың құқығы мен мемлекет тарапынан берілетін сан алуан көмек түрлері кеңінен түсіндірілді.
Өз кезегінде ведомства өкілдері әлеуметтік көмек мәселесі бойынша тұрғындарды жеке қабылдады. Анар Бекжанова келесі жылдың тамыз айында зейнеткерлікке шығады. Қарапайым ауыл тұрғыны қазақстандық еңбек адамы бейнетінің зейнетін көрер шақта қағазбастылықтан шаршайтынын айтып, шағымданды. Жиында бұдан бөлек, мүгедектер құқығын қорғау, мүмкіндігі шектеулі жандарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және нысандарды мүгедектерге қолжетімді болатындай етіп, бейімдеу жайы да сөз болды. Министрлік өткізген маңызды шара -- халыққа жақындаудың, «Ашық Үкімет» идеясын іске асырудың алғашқы, қарымды қадамы.
АҚМАРАЛ Көпжасарова