
Бүгінде кәсіп ашып, еңбек етем дегенге үкіметтен көмек көп.
«Максимум» аймақтық инвестициялық орталығына қарасты «Ырыс» микроқаржы ұйымы 2009 жылдан бері облысымыздағы кәсіпкерлерді арзан несиемен қамтамасыз етіп келеді. Бұл қаржы институты әлеуметтік қызмет орындарын ашу, қызмет көрсету саласы бойынша 649 млн. теңгеге 212 жобаны қаржыландырған. Сондай – ақ, басқа жобаларға 459 млн. теңге бөліп, 115 жобаның жүзеге асуына ұйытқы болды.
Өз кәсібінің жемісін көрем деушілерге жол ашық. Ол үшін сізге «Ырыс» микроқаржы ұйымы қолдау көрсетеді. Бүгінде облысымызда балабақша тапшылығын мемлекет пен жекеменшік серіктестігі арқылы шешу жолға қойылған. Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылында 25 мыңнан астам тұрғын бар. Бала саны жыл санап артып келеді.
Осыған байланысты ауылда балабақша тапшылығы туындаған болатын. «КӘУСӘР-ӘЛИ» балабақшасы мемлекеттік бағдарлама негізінде ашылып, 150 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Мұнда жергілікті 33 тұрғын жұмысқа қабылданды. Балабақша құрылтайшылары жұмысын дамыту үшін «Ырыс» қаржы ұйымынан 7 миллион теңге несие алды. Алынған қаражатқа балабақшаның жылыту қазандығы орнатылған.
Меруерт Төреева, «Кәусәр-Әли» балабақшасының құрылтайшысы;
Соған дейін осы балабақшамыздың жалпы ғимаратты көтеріп, барлығын өз қаражатымызға салдық. Бірақ ішінің жылу қазандақтарына және осы балабақшаның есік-терезелеріне қаржы жетіспеушілігінен осы «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 14 пайызбен 7 миллион несие алдық.
Бұл мекеме қарызды құтылған соң тағы да несие алып, қосымша ғимарат салмақшы. Сөйтіп, тұрғындар сұранысына сәйкес, балабақшаны ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал, өңір кәсіпкерлері «Ырыстан» алған несиенің көмегімен 2009-2016 жылдар аралығында өңірімізде 890 орынға арналған 15 балабақшаны іске қосқан.
Хилола Назарметова, «Ырыс» микроқаржы ұйымы ЖШС-нің директоры;
Мекеменің қаржыландыру басым бағыттарына тоқталып өткім келеді. Мал бордақылау алаңдарын құру, жанұялық тауарлы суб фирмаларын құру, жылыжай шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, әлеуметтік маңызы жоғары жобаларды қаржыландыру. Оның ішінде бала-бақшалар, спорт кешендері, асхана тағы басқа жобаларды қаржыландыру.
«Ырыс» ұйымы 2016 жылы басқа әлеуметтік маңызы бар жобаларға 400 миллион теңгені құрайтын қаражат жұмсауды жоспарлап отыр.
Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ