
Өңір басшысы Отырар ауданына жасаған іс-сапарында Шілік ауылына да арнайы ат басын бұрды. Онда... ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға сүбелі үлес қосып жатқан «Нұр Шілік» кооперативінің жұмысымен танысты. Қожалық ет, сүт өндірісінде белсенділік танытуда.
Дарияның жағасынан қоныс тепкен отырарлықтар ауыл шаруашылығы саласын қарқынды дамытуда. Басымдықты жүгері өндірісіне берген аймақта соңғы жылдары ет, сүт өнімі артып келеді. Осы саладағы ісі ілгері басқан шаруа қожалықтары туралы аудан әкімі Ерлан Айтаханов баяндады.
Аудан активі облыс әкіміне «дамудың дәлелі» деп, «Нұр Шілік» қожалығының тіршілігін айтты. Аталмыш кооператив сүт өңдеу ісін жолға қойған. Осы мақсатта «Ырыс» микроқаржы ұйымынан 16,0 млн. теңге алған. Күндігіне 500 литр сүт өнімдерін дайындайтын кәсіпкерлік нысанында 300 бас ірі қара, 2 мыңнан астам уақ мал, 217 бас түйе, 9 жылқы бар.
Аудандағы ауқымды шаруаларды бағамдаған өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Алайда, осы жетістіктермен тоқтамай, ауыл шаруашылығындағы кенжелеп қалған кейбір салаларды дамытуды тапсырды. Отырар өзге аудандардай жаңадан құрылған Түркістан облысының дамуына сүбелі үлес қосуға тиіс екенін жеткізді.
К. ДҮЙСЕНБІ