
Мақтарал ауданының еңбекқор диқандары қауын-қарбызбен қатар, көкөніс өнімдерін де Ресей елінің нарығына шығара бастады. Қазіргі таңда ауданда ерте егілген 350 гектар көкөніс дақылдары пісіп жетіліп, егістік алқаптарында терім жұмыстары қыза түскен.
Бүгінде шаруалар болгар бұрышы мен баклажан өнімінің 60 тоннадан астамын Ресейге жөнелткен. Жергілікті билік көкөністердің тиімді бағада сатылуына барлық көмекті қарастырып жатыр. Аудан атынан алғаш болып, алыс жолға шыққан «Тахиржан» шаруа қожалығы... биыл 1 гектарға баклажан, тағы соншама жерге... жүгері, ал, 9 гектар алқапқа мақта екті. Былтыр 1 гектардан 27 тонна баклажан алған. Биылғы табыс бұдан да мол болатын сыңайлы. Әзірге келісін 300 теңгеден сатуда. Игі істі аудан басшысы Жамантай Бейсенбаев егіншілікті әртараптандырудың арқасы деп бағалады. «Исрайл» шаруа қожалығы да алғашқы өнімдерін ала бастады. Алтынбек Тораев бастаған ұжым... жарты гектар жерден алған болгар бұрышын... 400 теңгеден сатуда. Шаруа биыл қияр мен қызанақ егіп, мол өнім алуды көздеп отыр. Айта кетейік, былтыр мақтаралдық шаруалар 3 877 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, 89 689 тонна өнім жинаған. Ал, биылғы көрсеткіш бұдан да жоғары болады деген сенім бар.