
Биыл Созақ ауданының құрылғанына - 90 жыл. Мерейлі мерекеге орай... аймақта түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, құрылыс нысандары бой көтеруде. Солардың бірі - Балдысу елдімекеніндегі 100 орындық мектеп. Заманауи үлгіде салынып жатқан білім ұясы... күзде тойланатын... 90 жылдық мерейтой қарсаңында... пайдалануға берілмек.
Балдысу ауылында бұған дейін де мектеп болған. Бірақ ол өткен ғасырдың 70 жылдары осындағы кеңшардың шопандарына арнап салынған тұрғынжай еді. Кейіннен мектеп жағдайына ыңғайластырылған. Әйтсе де мұнда жаңа білім ошағын салуға талай мүмкіндік болды. Бірақ, сарапшылардың «бұл ғимараттың сүйегі мықты, бала оқытуға әлі де жарайды» деген қорытындысы тоқтау салды. Енді міне, ол кедергі де жойылып, жаңа мектеп еңсе тіктеуде.
Балдысу - шағын ауыл. Мұнда бар-жоғы 56 отбасы тұрса, көршілес Қарабұлақ ауылында 86 үй бар. Жаңа мектеп осы екі елдімекен балалары үшін салынуда. Ауылдағы құрылыс жергілікті бірнеше тұрғынның жұмыспен қамтылуына да сеп болып отыр.
Жалпы, Созақ ауданында ескірген білім ұялары мүлдем жоқ деп айтуға болады. Барлығы да жаңа әрі заманауи үлгіде. Бұйыртса, бұл мектеп те сол сапты толықтырмақ.
М. АТАБЕК