
Биыл өңіріміздегі іргелі оқу ордасы - Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін 703 жас түлек бітірді. Олардың 16 пайыздан астамы, дәлірек айтсақ, 117 студент «үздік диплом» иесі атанды. Енді олар өз жүрек қалауымен таңдаған мамандықтары бойынша еліміздің ауыл-аймақ, ірі қалаларында еңбек жолын бастайды. Жастарға ақ жол, сәт сапарды 5 жыл оқытқан ұстаздары тіледі.
Білім ордасының университет мәртебесін иемденгеніне көп бола қойған жоқ. Институт болған 80 жылдық тарихында да... талай нарқасқаның талабын ұштады. Биылғы түлектер де солардан бір қадам да қалмақ емес. Заманауи еңбек нарығына нағыз қажет мамандар. Бұл - оқу, тәрбиелік және ғылыми жұмыстар дың жүйелі әрі табысты жүргізілуінің арқасы.
Бұл күн жас мамандар жадында ұзаққа сақталары сөзсіз. Себебі, білім ордасы әрбір жасқа таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгертіп, болашақ кәсібіне құрмет-сүйіспеншілікпен қарауды үйретті. Жас түлектердің басым бөлігі университетте үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Солардың бірі - Президенттік стипендия иегері Айдана Нұрмаханқызы. Салтанатты жиынға келген түлектің жүзінен толқу мен қуаныш сезімдері қоса байқалады.
Жас түлектерді ұстаздары мен ата-аналары олардың өміріндегі маңызды кезеңімен құттықтады. Өмірге, еңбек жолына аттаған алғашқы қадамдарына ақ жол мен сәттіліктер тіледі. Ал, университет түлектері ұстаздары мен ата-аналарының сенімін ақтап, елімізге, Отанымызға адал еңбек етуге уәде берді.
У. ҚОЖАҚ