
Мемлекеттің іргесі өнегелі отбасылармен берік. Ақ неке қасиетін арттырып, шаңырақ шаттығын нығайтатын «Мерейлі отбасы-2017» ұлттық байқауының облысымыздағы жеңімпаздары анықталды. 30 үміткер ұядан үздігі қайсы?
Бұл отбасылар – ел ішіндегі мақтаулылар. Халық мүддесіне қызмет еткен, ерен еңбектің иелері. Спортта бағы жанғандар. Ғылымда ізденісі молайғандар. Үздіктердің отбасыдағы өнегесін жастарға тәлім етуге болады. Осылай деген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков үлгілі шаңырақ иелеріне береке-бірлік, тындырымды тірлік тіледі.
«Мерейлі отбасы-2017» ұлттық байқауының облыстағы додасына 30 шаңырақ қатысқан. Адам – ұрпағымен көрікті... Байқауда жұбайлардың көпбалалы болуына басымдық берілді. Олар өскен, өнген, қызметте биікке көтерілген болса, ұпайға ұпай қосылды. Отбасы – бірнеше адамның біріккен қасиетті орны. Бірігіп, өнер көрсетуіне де айрықша назар аударылды. Көп ішінен шымкенттік Каналбай Сейілбекұлы мен ордабасылық Омаш Шапаевтың әулеттері үздік деп танылды. Республикалық додаға осы отбасылар барады.
Жеңімпаз отбасының аяулы анасы Тұрған Сейілбекова жұбайымен бірге 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, өсірген. «Отбасын орға жықпай, өрге сүйреу үшін асқан төзімділік қажет», - дейді 73 жастағы ана. Осы үдеден шыққандар ғана мемлекеттің берік тіреуі болатынына сенеді.
Байқауда екі отбасы ғана ескерілген жоқ. Қатысушылардың барлығы да бағалы сыйлықтарға ие болды. Каримжан Юсвалиев келесі додаға тыңғылықты дайындықпен қатысуға бекініп отыр. Оны бұл рухқа ортақ Отанға деген сүйіспеншілігі үндейді.
Елбасы бастамасымен шымылдығы түрілген байқаудың төрт жылдық тарихы бар. Демографияны еселеуге, үлгілі отбасы иелерін ардақтап, солардың тәжірибесін насихаттауға септесетін сынға былтыр 294 отбасы қатысса, биыл олардың қатары 322-ге жетті. Рухани жаңғыруға бастайтын додада жерлестеріміздің топ жаруына тілекшіміз.
АҚНҰР Маханбетқызы