
Иә, Наурыз – жаңару мен тазару, молшылық пен сұлулық мерекесі! Ұлыстың ұлы күнін теріскей жұрты да шат-шадыман тойлап жатыр. Орталық кітапханада ауданның зиялы қауым өкілдері мен оқырман бірлесіп, наурыз нақыштарын ұлықтады
Наурызнама, наурыз тілек, наурыз дәм. Мерекелік шара Ұлыстың ұлы күні мейрамына тән жөн-жоралғылармен басталды. Наурыз көже әзірленіп, ақ дастархан қазақтың ұлттық тағамдарымен көмкерілді. Өнерпаздар әннен шашу шашып, әдет – ғұрып әспеттелді.
Гүлнәр Өмірбек – Созақ аудандық орталық кітапхананың бөлім меңгерушісі
Бүкіл түркі әлемінің, мұсылман елінің, еліміздің тамаша бір мерекесінің бірі Наурыз келіп жетті.Бұның басты мақсаты - Наурыз мерекесін ұлықтау, Наурыз мерекесі арқылы еліміздің салт-дәстүрлерін жастарға ұлықтау, тәрбиелік мәні мен өнегесін халыққа жеткізу ең басты мақсатымыз болатын.
«Наурыз мейрамын қалай қарсы аламыз?». Осындай тақырыппен ұйымдастырылған байқауға 5 ауыл округінің өнерпаздары қатысты.
Рсай Әділова – Батыр ана
Бұл мереке бір кездері ұмыт бола бастаған. Егемендігіміздің арқасында шүкір, қазір тойланып жатыр. Әжелер болсын, жастар болсын, ұлағатты іске, қазақшылыққа бет бұрып, тойлап жатыр. Әже болсам да сахнаға шыққаныма өте ризамын. Жастарға айтарым, көк байрағың аспанда желбіресін. Сырт көздерің жеріңе көз тікпесін. Туыңды жоғары ұста ұландарым. Боздақтардың алып берген егемендігі.
Қазақтың ұлттық ойындары да бұл күні дәстүр дағдысынан алшақтаған жоқ. Ақ жаулықты аналар ұршық иіріп, құрақ көрпе құрады. Ауылдың алты ауызын айтты. Сайыс ережесі бойынша ұлттық нақыштағы киімдер насихатталып, патриоттық әндер орындалды.
Шолпан Шоңғараева – Батыр ана
Созақ ауданында Наурыз мерекесі бүгіннен бастап өтіп жатыр. Созақ ауданы халықтарына наурыз мерекесі құтты болсын. Ақ мол болсын. Өсіп келе жатқан ұрпақтарың аман болсын.Егемендігіміз тұрақты болсын.
Үздік шыққан өнерпаздар ер түріктің бесігі – Түркістанда өтетін дүбірлі тойда өнер көрсетпек. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандар арнайы алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.
ЖАНДАР Бекбергенұлы