ШҰҒЫЛ! ВАКЦИНАНЫ АЛҒАШ БОЛЫП ҚАЛА ӘКІМІ МҰРАТ ӘЙТЕНОВ САЛДЫРДЫ Толығырақ

Түркі әлемінің Наурыз тойы Түркістанда тойланды

07:28, 22 наурыз 2017

Бүгін - түркі әлемінің мәдени астанасы Түркістанда ұлы той. Ер түріктің бесігі, рухани астана төріне дүбір дүниенің 20-дан астам мемлекетінен 300-ге тарта қонақ келіп, жайғасты. «Түркісой» халықаралық ұйымының тұрақты кеңесінде түркі әлемінің рухани астанасы атанған көне шаһар осылайша мәртебелі атауын қорғап, абыройлы міндетін жоғары деңгейде өткеріп салды. Дүбірлі тойды бастан-аяқ облысымыздың бас арнасы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасы тікелей эфирде көрсетті

Бүгін – исі қазақтың игі жақсысы,  хақ хандары мен хас батырларының рухы асқақтаған күн. Алты Алаштың айбынды ұрпағы.... - Түркия, Түркіменстан,Әзірбайжан, Косова, Монголия, Мажарстан, Македония мен Ресей шетіндегі жұрнағы.... түркі қағанаттарының.., Қазақ хандығының да астанасы, түркі мәдениетінің текті орталығы - Түркістанға тегіс жиналды.

Төл тарихты, ортақ құндылықтарды жаңғыртып, Әз Наурызды қасиетті мекенде тойлау, бабалар жолы, тектілер ізіне үңілу идеясы..... облыс басшылығы мен «Түркісой» халықаралық ұйымына тиесілі. Жиын әлқиссасында Елбасы құттықтауы оқылды.

Арыстанбек Мұхамедиұлы – ҚР Мәдениет және Спорт министрі

Бұл жиынның орны бөлек. Өрнегі өзге. Әлем тыныштығы бұзылып, діни дүрдараздық пен саяси шиеленістер туған тұста түбі бір түркі түгел екенін білдіру, бір ту астындағы қуатты күш екенін сездіру – ұйымдастырушылардың басты мақсаты. Кейінгі мүдде – сол бірлік пен сол үрдісті өкше басқан ұрпаққа ұлағаттау. Тарихтан тағылым түю.

Жансейіт Түймебаев – Облыс әкімі

Түркістан – түркі халқының Юнескосына айналады...

Салтанатты шарада түркі бірлігін, түркі татулығын қызғыштай қорғап, баспасөз беттерінде қолдап жүрген қуатты қалам иелері марапатталды.

Дүйсен Қасейінов – «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы

Кеш кереметі театрландырылған көріністер болды. Дауылпаз бен саз сырнай үні көрермен көз алдына қыс ызғарын сейілтіп, топырақ тоңын жібіткен сәтті әкелді. Көктен күн күлімдеп, Тұран даласына мейірім шуағын шашты. Көктем келді!!!

Ізгі ниет, қайырымды қадам, іңкәр сезім салтанат құратын шақтағы қос ғашықтың махаббат дастаны да наурыз нақышын келтіргендей.

Айнала нұрға бөленді. Шаңырақтың берекесі, төңіректің мерекесі - Ақ жаулықты аналар ортақ қазан - тайқазанға 7 түрлі дәм салып, 1500 литрдей Наурыз көже әзірледі. Ел-жұрттың аузы аққа тиіп,  көңілі шат болды. Ірге көтерген этноауылда 33 ақшаңқан киіз үй тігілді. Онда қазақ халқының ата-дәстүр, жөн-жоралғысы паш етілді. Сондай-ақ, түркі тілдес халықтың да мәдениеті мен әдет-ғұрпы насихатталды. Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Татарстан, Солтүстік Кипр-Түркия елдерінің арасында өзара теңдік пен түсіністікке негізделген үндеу жолданды. Достық пен  ынтымақтастық хаты салынған капсула зау көкте самғады.

Мәдени шара мәні мұнымен аласармайды. Қасиетті мекенде, Ұлыстың ұлы күні басталған тағылымы мол кездесулер қара күз түскенше, қарашаға дейін ұласады. Биыл Құл Қожа Ахмет қадір тұтқан мекен – туристер нөпірі үзілмейтін, мәдениет қайраткерлері жиі бас қосатын ортаға айналады. Өйткені, алда «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атты бағдарлама бойынша 42 мәдени іс-шара өтуі тиіс. Оның 14-і «Түрксой» халықаралық ұйымы тарапынан ұйымдастырылса, алтауын Мәдениет және спорт министрлігі, 21-ін өткізуде облыс әкімдігі мұрындық болмақ. 

ГҮЛСАНАТ Қалмырзақызы                                     

Тақырып бойынша материалдар

Бірлігі жарасқан білім ордасында -  Наурыз той
15:41, 1 сәуір 2017
Бірлігі жарасқан білім ордасында - Наурыз той
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

ҚАЙТАРЫМСЫЗ НЕСИЕГЕ ӨТІНІМ БЕРУ БАСТАЛДЫ
16:49, 6 сәуір 2021
ҚАЙТАРЫМСЫЗ НЕСИЕГЕ ӨТІНІМ БЕРУ БАСТАЛДЫ
Толығырақ...
ЖЕҢІЛ КӨЛІК АТТЫ ҚАҒЫП ҮШ АДАМ МЕРТ БОЛДЫ
17:35, 5 сәуір 2021
ЖЕҢІЛ КӨЛІК АТТЫ ҚАҒЫП ҮШ АДАМ МЕРТ БОЛДЫ
Толығырақ...