
Шымкент мұнай өңдеу зауыты жоғары сапалы бензин өндіруді бастады. «Еуро - 4» және «Еуро - 5» стандарттарына сай өнім шығаруға кәсіпорын жаңғырту жұмыстарының арқасында қол жеткізіп отыр. Жаңа қондырғылар соңғы үлгіде жабдықталған. Енді өнімнің сапасымен қатар, көлемі де артатын болады.
Бұл зауыттағы жаңғырту жұмыстары 2014 жылы басталған еді. Міне, бүгін аяқталып, іске қосылып отыр. Енді бұл кәсіпорын жылына 600 мың тонна «Еуро» үлгідегі жанармай өндіреді. Демек, қуаттылығы жоғары.
Жансейіт Түймебаев – Облыс әкімі
Бұл үлкен оқиға. Қайта жаңғырту модернизациялаудың нәтижесінде «Еуро-4», «Еуро-5» бенщиндерін енді шығара аламыз. Бұл біздің экологиямыз үшін, біздің көліктеріміз үшін үлкен оқиға.
Жаңғырту жұмыстарын қытайлық «СНТСИ ИНТЕРНЕШНЛ» компаниясы жүзеге асырды. Ал, негізгі жұмыстарды атқаруға отандық отыздан астам компания жұмылдырылған. Оларда 5 мыңдай азамат жұмыс істепті. Оның 70 пайызын қазақстандық жұмысшылар құраса, қалғаны аспан асты елінің азаматтары. Зауыт әзірге 100 азаматты тұрақты жұмысқа қабылдады. Олардың 45-і изомеризация қондырғысында жұмыс істейді.
Болат Әбдуәлиев – Зауыт инженері
Мына бүгін іске қосылған технологиямыз өте заманауи. Дүниедегі жоғары деңгейдегі технология. Бұл технологияның арқасында осы біз жоғары сапаға жетіп отырмыз.
Зауытты жаңғырту ісі әлі толық аяқталған жоқ. Қазір екінші кезеңін жүзеге асыру үшін тиісті жұмыс қолға алынды. Егер межелі міндет орындалса, кәсіпорынның өнім өндірудегі қуаттылығы арта түспек.
МАҚСҰТ Жарылқасын