
«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин мен Қырғыз Республикасының Қоғамдық Телерадиотарату корпорациясының Бас директоры Илим Карыпбеков серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК сайтында хабарланды
Құжатқа Бішкекте өткен «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның сериалдық өнімдерін таныстыру аясында қол қойылды. Шараның мақсаты - Қазақстан және Қырғызстан арасында меншікті кино және телехикая өнімдерін дамыту саласындағы ынтымақтастықты арттыру. ҚР Үкіметінің қолдауымен «Қазақстан» телеарнасы жылдан-жылға отандық телехикаялар өндірісін арттырып келеді. 2009 жылы алты бөлімді «Ағайынды» драмасы өндірілді. Бүгінгі күні «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түрлі жанрда 62 телехикая түсіріп, көрсетті. Олардың ішінде ең танымалдары - «Ағайынды», «Көк тарландары», «Сырғалым», «Аяулы арман», «Әке», «Іңкәр жүрек» және т.б. Шараға Қырғыз Республикасының 14-тен астам телеарнасы қатысты. Қырғызстандық теленарыққа шығу «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның кино және телехикая өнімдерін халықаралық нарыққа шығарудағы басты бағыттардың бірі болмақ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы елімзде телесериал өндіру саласында көшбасшы бола отырып, халықаралық телевизиялық нарыққа белсенді қатысады - Канн, Мәскеу, Будапешт, Берлин, Сингапур, Гонконг, Пусан, Сеул және т.б. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде телехикаяларды көрсету құқығы ҚХР, АҚШ, Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Кипр, Словения елдеріне берілді.