
Жол салып, оның жан-жағын құрылыс материалдары қалдығымен толтырып кету. Немесе сапасы сын көтермейтін сақалды жол құрылыстары... Бұл - кейбір құрылыс компанияларының үйреншікті тірлігі. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі бірнеше жолдың құрылыс барысымен танысты. Қателіктерды сынға алды. Нақты тапсырмалар жүктеді.
Шымкентті Сайрам, Түлкібас аудандарымен жалғайтын күре жолдың бірі - «Жібек жолы» даңғылы. Биыл көшені қайта құру жұмыстары қарқын алған. Даңғылдың жан-жағын жасыл желекпен көмкеріп, жаяу жүргіншілер жолын салу да қарастырылған.
Құрылыс жоспарымен танысқан өңір басшысы бірінші кезекте сапаға мән беруді тапсырды. Сонымен қатар, көгалдандыру жұмысы кенже қалмауы керек деді. Бұл тұста өңір басшысы қайсыбір жол төселмесін, шетелдік компаниялардың тәжірибесін негізге алудың маңызды екенін екшеді.
Шымкенттегі кіші айналма жол да биыл толық бітуге жақын. Ені 7-8 метрлік жолақтар екі есеге ұлғайтылды. Қазір көлік тығыны азайған. Жаяу жүргінші жолы салынуда. Сайрамдықтар да облыс орталығына еркін қатынамақ. Ал, облыстық маңызға ие Шымкент-Қызыләскер-Түйетас автомобиль жолы мен Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізі бойына келгенде қара күзге дейін жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды. Күре жол бойында орналасқан сервистік орталықтың жағдайына байланысты сын-ескертпелер айтты.
Сапар соңында жұмысшы топ А-2 "Хоргос-Алматы-Шымкент-Өзбекстан Рес.шекарасы" жолының қайта құру жұмыстарын да бағамдады. Ел арасында Шымкент айналма жолы деп аталатын көшемен жүріп өткен өңір басшысы ең бастысы, сапаға мән беріп, өңір халқына дұрыс жағдай жасалу қажеттігін тапсырды.
КЕНЖЕХАН Дүйсенбі