
Мемлекет басшысының КВИ-ге қарсы вакцинацияны жеделдетіп бастау жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында 19 қаңтарда Қарағанды фармацевтикалық кешені мен Ресей тікелей инвестициялар қоры арасында «Спутник V» вакцинасының 20 мың дозасын жеткізуге арналған шартқа қол қою жоспарлануда.
Осы жылғы 1 ақпанда егуге жататын халық топтарын КВИ-ға қарсы вакцинациялауды бастау көзделген. Вакцинациялау вакцинаның келіп түсуін ескере отырып, кезең-кезеңмен жүзеге асырылатындығын айтты. Осы орайда, Шымкент қаласына бірінші кезеңде 1 ақпан күні Ресей Федерациясынан мың дана вакцина жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Оны алғашқы болып инфекциялық ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне, жедел жәрдем және емханалардағы мобильді топтың қызметкерлеріне салынатын болады. Жалпы осы жылдың бірінші жарты жылдығында 100 мың дана вакцина жеткізіліп, кезең-кезеңімен қала тұрғындарына салынады.Осылайша, жыл соңына дейін 6 млн қазақстандыққа вакцина егу жоспарланған. Өндірушіден медициналық ұйымдарға дейінгі барлық жолында вакцинаның сапасын қамтамасыз ету мақсатында GDP стандарты «салқын тізбектің» әрбір кезеңінде жауапты адамдардың болуын көздейді.