
Сиыр жылын тарих қатпарына қалдырып, барыс жылына қадам бастық. Қашан да «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген халықпыз. Шынында да ескі жыл әр отбасыға ерекше естеліктерімен есте қалды. Ел аумағында да елеулі істер атқарылды. Ал, келер жылдан не күтеміз? Алдағы бейнематериалға назар аударсақ.
Өткен жыл атаулы күндерге, мерейтойларға, есте қаларлық оқиғаларға толы жыл болды. Әлемде орын алған пандемияға қарамастан ел экономикасы ілгерілеп, үшінші мегаполис те дами түсті. Түркістан түрленіп, түркі елінің астанасына айналды. Осылай деген қоғам қайраткері Мархабат Байғұт, өткен жылға өкпе жоқтығын айтады.
Мархабат Байғұт - қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
2021-ші жылды қорытындылап, тарих қойнауына табыстап, тұрғындар төрімізге еніп келген барыс жылын қарсы алды. Тау тағысының жылынан халықтың күтері көп. Жануарлар әлемінде барыстың өзіндік ерекшеліктері бар. Ол өзіне тән тектілігімен, алғырлығымен, батылдығымен дараланады. Ендеше, барыс жылы біз де сондай қасиет танытуымыз керек деп есептейді зиялы қауым өкілдері.
Мархабат Байғұт - қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Ендеше, қазақстандық Барыстың бойына дамудың алдыңғы қатарлы үздік деңгейіне үстелген батыстың талғампаздығы да, шығыстың кемеңгерлігі мен төзімділігі де тән болуға тиіс. Қалай дегенде де қазақтың құлан түзіне жаңа жыл жарқын жүзімен аттап кірді. Ал, жылдың тарихымызда қандай ерекшелігімен, қаншалықты табыс-таралғысымен қалатыны уақыт еншісінде...
Перизат Ортай