
Жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болып, мұңдыға қолдау көрсету қашан да құнды қасиет. Бұл ретте қазақ қоғамының біріне-бірі көмек қолын созуы үйреншікті әдет. Бұл жолы да елдегі атымтай жомарттар блок бекеттер мен түрлі нүктелерде қоғам тыныштығын күзетіп тұрған әскерилер мен тәртіп сақшыларына ыстық тамақ таратты.
Елге ылаң салып, жаппай тәртіпсіздікке жол берген келеңсіз жағдайлар тыйылғанмен, қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстары қатаң бақылауда. Қаланың қиыр-қиыры, бұрыш-бұрышында блок бекеттер қойылған. Оларда мұздай қаруланған әскерилер мен арнайы әскери көліктер және полиция қызметкерлері қалаға кірген-шықққан көліктерді тексеріп, қылмысқа қатысы бар азаматтарды анықтап жатыр. Ел басына күн туған шақта тікесінен тік тұрып, күндіз-түні дамыл таппай жұмыс істеп жатқан азаматтарға №14 емдеу орталығының ұжымы ыстық тамақтар мен сусындар үлестірді.
Қадыр Қалменов - №14 емдеу орталығының заңгері
Емдеу орталығының құрылтайшысы Асан Балтабай елде орын алған ылаңкестік әрекеттің жойқын салдарына өкініш білдіріп, жұртқа жанашырлықпен қарайды. Шымкенттік кәсіпкер пандемия кезінде де тәж тажалды өршіп тұрған шақта қайырымдылық шараларын өткізуде белсенділік танытқан болатын. Бұл жолы блок бекеттердегі қызметкерлерге екі мезгіл ас-ауқат таратты. 700 әскериге түскі ыстық тамақ және 800 азаматқа кешкі ас, су нан, кондитерлік өнімдер ұсынды. Ал, ел қорғаны болған қызметкерлер бұған дән ризалықтарын білдірді. Өйткені, қиындықта бөліп жеген нанның дәмі аузыңнан кетпейді.
Г. Қалмырзақызы