
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен тәртіп сақшыларының халін білу үшін ауруханаға барды. Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерліктері үшін полицейлерге алғыс айтқан қала басшысы сын сағатта ешбірі шет қалмай, ел тәуелсіздігі үшін бірлесе жұмыс жасағанын жеткізді.
Тілдесу барысында жарақат алған тәртіп сақшыларына тез сауығып отбасыларына оралуын тілеген Мұрат Дүйсенбекұлы қызметтік борышын жалғастыруын айтты. Соңғы мәліметтер бойынша наразылық кезінде жалпы 120 адам медициналық көмекке жүгінген. Бүгінде оның 48-і ауруханада ем алуда. Науқастардың 5-і жан сақтау бөлімінде. Жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген азаматтардың 48-і тәртіп сақшылары. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан екі құқық қорғау органының қызметкерлерінің жағдайы бір қалыпты. Еске сала кетейік, көтеріліске байланысты еліміз бойынша төтенше жағдай режимі енгізілді. Коменданттық сағат тәртібінің орындалуын полиция, сондай-ақ арнайы мобильді топтар қадағалауда. Қалада ахуал тұрақты, жағдай құзырлы органдардың бақылауына алынған. Қазіргі уақытта денсаулық сақтау нысандары, балабақшалар, азық-түлік сататын нүктелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Г.Асқарқызы