
Санаулы күннен соң Рамазан айы басталады. Былтыр да, биыл да ораза пандемиямен қатар келуде. Осы ретте көпшілікте денсаулыққа қатысты сауал көп туындаған. Коронавирус жұқтырған адам ораза ұстай ма, вакцина салдыруға бола ма? – Бұл сұрақтарға дәрігерлер таңдауды әрбір жанның өзіне қалдырған дұрыс дейді.
Алайда, денсаулық сақтау саласының мамандары иммунитет әлсірейтіндіктен, ұзақ уақыт бойы ашығу ағзаға қиын болатынын ескертеді. Дегенмен коронавирус пандемиясы кезінде оразаны қалай ұстау керегі туралы нұсқаулықты жақсы білген жөн.Дені сау және бұрын оразаны қиындықсыз өткерген адам биыл да құлшылығын жалғастыра алады. Осы жолы ораза ұстауға болмайды деген тұжырымды растайтын еш дәлел жоқ.Ораза ұстап келген адамдар пандемия кезінде де ауыз бекіте алады – дейді, мамандар. Тек қана созылмалы ауруы бар және дене қызуы көтерілген адамдар дәрігермен кеңесіп, қажет болған жағдайда, оразадан бас тартуы керек екен. Айта кетейік, биыл 2021 жылы Рамазан айы 13 сәуірде басталады.
М. Жорабай