
Литваның Вильнюс қаласында пауэрлифтингтен әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы бұл додадан бас жүлдене жеңіп алды. Еліміздің намысын қорғаған шымкенттік Ксения Хан алтыншы мәрте қатарынан әлем чемпионы атанып,рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Бүгін Шымкент әуежайынан даңқты спортшыларды қарсы алған жанкүйерлер мен жерлестеріміз көп болды. Білікті басшы Мұрат Бұзауов басқаратын Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің ұжымы жеңімпаздарды аса керемет көңіл-күймен қарсы алды. Өзінің талантымен бүкіл әлемнің назарын аудартқан спортшы Ксения Хан бұл жарыстың жоғары деңгейде өткеніне тоқталды.
КСЕНИЯ ХАН- ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ӘЛЕМНІҢ АЛТЫ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ
КСМ: Әлемнің азулы деген балуандары бас қосқан дүбірлі додаға ұлттық құраманың қыз-жігіттері жоғары дайындықпен барыпты. Нәтижесінде, шәкірттеріміз жүк көтеруден өткен әлем чемпионатында 6- алтын, 2 күміс, 3- қола медалді жеңіп алып өздерінің мықтылықтарын көрсетті. Ұлттық құрама командасының тәжірибелі бапкері , Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сергей Рашидовтың айтуынша, әр жүлде алу үшін кескілескен тартыстар өткенін де жеткізді.
СЕРГЕЙ РАШИДОВ – ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАПКЕРІ
Шымкент қаласының кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебі спортшылары "Жатып сығымдап көтеру" жаттығуларында - 11 медаль жеңіп алды. Әйелдер арасында бағы жанған шымкенттік Николаева Алевтина, Абдураимова Азиза алтын медалді қанжығаларына байлады. Сонымен қатар, ерлер арасында Руслан Кәрімбеков екі алтын жеңіп алса, Шаукатов Жавлан да жеңістің тұғырынан көрінді. Ал, жерлесіміз Айдар Қошқаров жүлдегер атанды. Бұл ірі жеңіс Шымкент қаласының спортын бүкіл әлемге танытатын болады. Осы әлемнің шыңын бағындырып келген ғаламат жетістіктерді Белградта бокстан өтіп жатқан әлем чемпионатындағы қазақстандық боксшыларға жұғысты болсын дейміз. Оларды да осындай керемет көңіл- күймен қарсы алайық.
Н.Әбдірашит