
Шымкент қаласында өткен жылы өнеркәсіп кәсіпорындары 654,2 млрд. теңгенің өнімін өндірген. 2019 жылдың 12 айында 579,5 млрд. теңге болған еді. Яғни 2019 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 98,9% құрады (жоспар - 98%). Межеленген жоспар орындалған. Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтеновке қаладағы салалық басқармалардың 2021 жылға арналған жұмыс жоспарларына және нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша есебінде Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баяндады.
Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде – 566,2 млрд. теңгенің, кен өндіруде – 624,2 млн. теңгенің, электрмен, газбен жабдықтау – 73,5 млрд. теңгенің, сумен жабдықтау – 13,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. - Бұл жылы өнеркәсіп көлемін 102,5%-ға дейін өсіру көзделіп отыр. Атап айтқанда, «Шымкент химиялық компаниясы» ЖШС жобасының 1 кезеңін іске қосып, жыл соңына дейін 20 мың тонна өнім шығару жоспарлануда,- деді басқарма басшысы. Одан өзге «Standart Steel KZ» ЖШС, «Амир-А», «Шымкент смелтинг» ЖШС және «Хевел Казахстан» ЖШС өнімдерін шығару арқылы өнеркәсіптің нақты көлем индексі артпақ.Сонымен қатар, алдағы уақытта өнеркәсіптің басты міндеттерінің бірі -машина жасау, металлургия, жеңіл, химия, фармацевтика өнеркәсіптері мен құрылыс материалдарын өндіру салаларын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.