
Украина президенті Владимир Зеленский елінде жүріп жатқан қарулы қақтығысты тоқтату үшін Владимир Путинмен кездесуді қалайды. Мұны ол Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумға жолдаған видео үндеуінде мәлімдеді. Зеленскийдің сөзінше, Киев маңында және Украинаның ресейліктер басып алған аймақтарында бейбіт тұрғындар жаппай өлтірілгендіктен, Ресейдің басқа жетекшілерімен келіссөз жүргізу мүмкін емес. «Ресей Федерациясында бәрін президент шешеді», - дейді Зеленский. Алайда, Мәскеу Ресей армиясының көрші мемлекетте бейбіт халыққа оқ атқанын жоққа шығарып келеді. Сонымен қатар, Зеленский Қырым проблемасына да тоқталды. Оның сөзінше, бұл түбекті күшпен қайтару әрекеті жүздеген мың адамның өмірін қиюы мүмкін.