
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Ел басына күн туған шақта бір қолдан жең, бір жағадан бас шығару қазаққа тән қасиет. Қарап отырмай, бір кәдеге жарап отыруды ұйғарған М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ұжымы жараланған полицейлерге арнап қан тапсырды.
Дені сау адамның 450 грамм қаны үш қәл үстінде жатқан үш науқастың өміріне араша бола алады. Осыны ескерген мақтаулы білім ордасының ұжымы қиын-қыстауда қоғамдық тәртіпті күзетіп, жарақат алған полицейлерге донор болды.
Дария Қожамжарова – М. Әуезов атындағы ОҚУ ректоры
Қан тапсырып, өзгеге донор болу шарасы ерікті түрде ұйымдастырылып отыр. Ал, игі бастамаға университет ректоры Дария Қожамжарованың өзі бас болды. Білім ордасынан 2 мың студент пен 600 профессор, оқытушы құрам донор болуға келісім берген.
Медеубек Тәңірбергенов - М. Әуезов атындағы ОҚУ, мәдениет және спорт факультетінің деканы
Жаппай тәртіпсіздік салдарынан 45 тәртіп сақшысы жараланған. Оның екеуінің жағдайы ауыр. Елдегі орын алған соңғы жағдайлар қазір біртіндеп, қалпына келтіріліп жатыр. Дегенмен, Шымкенттегі қан орталығында қан тапшылығы жоқ дейді мамандар. Ал, келер қауіптің алдын-алып, қанға деген қажеттілік межесін орындап отыру мұндағы дәрігерлердің үйреншікті әдеті.
Г. Қалмырзақызы