
Шымкентте жеңіл көлік трактор тіркемесімен соқтығысып, төрт адам мерт болды. Тағы 4-еуі ауруханаға түсті. Жол-көлік оқиғасы мегаполистен шыға берістегі «Ақтас» ауылының тұсында орын алған.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға орнында үш жолаушы көз жұмған, олардың біреуі 9 жастағы жасөспірім. Алған жарақатынан төртінші адам аурухана төсегінде жан тәсілім еткен. Қалғандары қалалық №1 ауруханада жатыр. Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының себеп-салдары анықталуда. Полиция департаментінің анықтаушылары тарапынан тергеу амалдары жүргізіліп, бірқатар сараптамалар тағайындалған. Алдын ала болжам бойынша жеңіл көліктің жүргізушісі такси қызметін көрсетіп келген көрінеді.
Перизат Ортай