
Алматыда өтіп жатқан 28-ші қысқы Универсиада ойындарының бірінші ресми жарыс күні аяқталды. Сонымен, Қазақстан құрамасының қоржынына үш жүлде түсіп, командалық есепте бесінші орынға жайғасты. Ал, аса ауыр салмақта өнер көрсететін Қазақстан боксшысы Иван Дычко ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысты.
Студенттердің бүкіләлемдік додасында фристайлдың акробатика түрінен сайысқан Жібек Арапбаеваның күміс, ал, шаңғы спортынан 5 шақырымға классикалық стильмен жүгіруден қоржынымызға қола жүлде салған Анна Шевченко мен Жанбота Алдабергенованың арқасында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 5-ші орынға жайғасты. Дүбірлі додада 4 алтын, 4 күміс және 1 қола жүлдемен Ресей құрамасы көш бастап тұр. Екінші орында – Қытай. Аспанасты елдінде - 2 алтын, 1 қола бар. Үздік үштікті Польша құрамасы түйіндеп тұр.
Иван Дычко ресми түрде кәсіпқой боксқа ауысты. Бізге жеткен мәліметтер бойынша, Иван Астанада MJA Entertainment промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасапты. Айта кетейік, бұған дейін Майк Альтамура басқаратын бұл промоутерлік компаниямен бокстан Қазақстан құрамасының капитаны, Олимпиада ойындарының чемпионы Дания Елеусінов те келісімшарт жасаған болатын.
Нұрсұлтан Әбдірашит