
Төлебилік жастар 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарына қатысқан қазақстандық спортшыларды қолдау мақсатында баскетболдан турнир ұйымдастырды. Аталмыш сайыста №2 және №7 мектеп оқушылары жарыс көркін қыздырды.
Спорттық іс-шараны өткізу идеясы жастар арасында бұқаралық спортты насихаттау және дамыту, сондай-ақ, ел намысын қолдан бермей, дүбірлі додада өнер көрсетіп жатқан спортшыларымызға қолдау білдіруге негізделген. Ауыл округтерінен жиналған 5 команда өзара қызықты да тартысты ойын өрнегін көрсетті. Баскетбол ойыны концерттік бағдарламаға ұласты. Орайы келгенде Ақбас Алтау төрінде қызған Универсиада туралы да айталық... Бүгін – студенттердің бүкіләлемдік жарысының соңғы күні. Негізгі жарыс шайбалы хоккейден қызады. Финалдық ойындар керлинг, шорт-трек, фристайлдан өтеді. Оның ішінде тау шаңғы спорты мен шаңғы жарысы да бар. Әзірге о баста тігілген 85 медальдің сарапқа салынбаған 10-ы қалды. Жеңімпаздар тобын ресейліктер бастап тұр. Біздің құрам 10 алтын, 6 күміс, 11 қоламен - екінші орында. Қадам қалғысы келмей, оңтүстіккореялықтар келе жатыр. Жерлестерге – жеңіс!
АҚМАРАЛ Көпжасарова