
Түстіктің қос спортшысы жарады. Бүкіләлемдік универсиада ойындарында Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкәрбек фристайлдың микс түрінен сынға түсіп, алтыннан алқа тақты. Осы жетістіктерімен жерлестеріміз біздің құраманы 2-ші орынға көтерді. Ауқымды шараның айрықша тұсы сол, көрсеткіш сағат сайын емес, тіпті, он минут сайын өзгеруде. Тілеулес болайық!
Облыста қысқы спорттың қарқын алып, жарнамасы зораятын шақ. Әлібек Нұртаев, Бақытжан Зиябек бастаған топ шеңбер жарып, шепті бұзды. Байрақты бәсекеде жүлде алуда. Жанботаның кешегі көрсеткішіне көңіл аздап құлазығанмен, бүгін жадырады. Бағлан екеуі бабында болды. Соңғы қыс мезгілдерін қарсыз өткеруге еті үйренген халық ақ қар, көк мұздағы спорттан көрсеткіштің жоғары бола түскеніне разы. Қазақстандық фристайлшылар Жанбота Алдабергенова мен Бағлан Іңкарбек командалық жарыстың суперфиналында суырылып алға шықты. Біздің жұп 167.05 ұпай жинады. Екі бірдей қытайлықты қапы қалдырды.
Еске салайық, бірінші алтынды биатлоншы Райкова екі рет мүлт кетіп барып, алған еді. Ол барлық жолды 59 минут және 48,7 секундта жүріп өтті. Осылайша, Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 4 қола жүлдемен жалпыкомандалық есепте екінші орынға көтерілді.
Нұрсұлтан Әбдірашит